ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Орал-Атырау жолында бір отбасының мүшелері жол апатына ұшырады.
Оқиға 26 мамырға қараған түні болды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен алынған алдын ала мәліметке қарағанда, жеңіл көлік аударылып қалған.
Оқиға орнына шұғыл түрде Ақжайық ауданы Чапаев ауылдық дәрігерлік амбулаториясынан және Тасқала аудандық медициналық жедел жәрдем станциясынан бригадалар жіберілді.
— Жол апаты салдарынан 2009 жылғы қыз жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды. Тағы бес адам түрлі дене жарақатын алып, медициналық көмекке жүгінді. Олардың бәрі де — бір отбасының мүшелері, — деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан үш адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.
БҚО-да үш адам қаза тапқан жол апатына байланысты дәрігерлер науқастардың жағдайы туралы айтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).