Батыс Қазақстандағы ауылда жол неліктен салынбай қалды

Фото: Видеодан алынған скрин

ОРАЛ. KAZINFORM — Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында ауылішілік жолдың бітпей қалғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.

Қоғам белсендісі Алмагүл Иқсанованың мәлім еткеніндей, бірнеше көшеде жол салынбаған.

— Мердігер асфальт төсеу жұмыстарын жүргізбеген. Бордюрлар шашылып жатыр, қиыршық тас ыдырап кеткен. Техника тұр, жол жоқ. Тіпті ауруханаға қарай да адамдардың баруы қиын. Әсіресе, жасы келген тұрғындар шағымданып жатыр, — дейді А.Иқсанова.

Тайпақ ауылының тұрғыны Серік Омаров асфальт төсеу жұмысының биылдан қалғанын, алдағы жылы толықтай аяқталғаны жөн екендігін жеткізді.

Осыған орай Kazinform тілшісі Ақжайық ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.
Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, 2023 жылы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылының ауылішілік жолдарын (Махамбет, Д. Нұрпейісова, Х.Чурин, Жамбыл, Т.Жұмалиев көшелері) күрделі жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, «Орал жолдары» ЖШС жеңімпаз ретінде танылған.

2023 жылдың тамыз айында келісім-шарт жасалған. Жоба құны –376 млн 197 мың теңге. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының мерзімі — 6 ай. Сараптама қорытындысы 2022 жылдың 3 наурызында шыққан.

Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2023 жылы — 100 млн, 2024 жылы — 210,8 млн, 2025 жылы 65,3 млн теңге бөлінген. Қаражат бөлуіне қарай қосымша келісім-шарттар жасалған.
Алайда тек 500 метрге асфальт жабыны төселіп, құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Мердігер мекемемен хат алмасу жүргізілгенімен, нәтиже болмағандықтан, 2025 жылдың 17 шілдесінде Ақжайық ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан сотқа талап арыз жолданған.

— БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешіміне сәйкес «Орал жолдары» ЖШС-не шарт бойынша жұмыстарды толығымен аяқтау міндеттелген. Әйтсе де жауапкер мекеме жұмыстарды ерікті түрде орындамағаны үшін сот орындаушысына атқару парағы жолданды. Сонымен қатар мердігермен тиісті жұмыстар жүргізілмеуіне байланысты жасалған шарт бұзылды. Игерілмеген қаражат көлемі — 46,5 млн теңге. Ендігі кезекте мердігер мекемені мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде тану туралы сотқа талап арыз жолданатын болады, — делінген ресми жауапта.

Аталмыш бөлім мамандарының айтуынша, жол жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін жаңа мердігерді анықтау мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілді. Күні бүгін жоба сараптамадан өткізілуде. Оң қорытындысы алынғаннан кейін мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне кезек келеді. Соның нәтижесімен мердігерді биыл анықтап, жұмысты келесі жылы жалғастыру көзделіп отыр. Себебі қыс жақындап қалғандықтан, асфальт төсеу мүмкін емес. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жолдың шала-шарпы салынуына байланысты әкімдік жауап бергенін жазған едік.

Сондай-ақ БҚО тұрғыны аудан орталығында тұрса да, жолға зәру екендігін айтты.