Батыс Қазақстандағы Қалдығайты өзенінде көпір қашан салынады

Фото: Нұртас Сафуллин

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында Қалдығайты және Жақсыбай өзендерінде көпір салу қажеттілігі туындап отыр.

Аудан орталығы Қаратөбе ауылында тұратын еңбек ардагері Еркінбек Жәнібековтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, көпірдің жоқтығынан жергілікті тұрғындар жыл сайын зардап шегеді.

Оның сөзіне қарағанда, аудан құрылған 1928 жылдан бергі бір ғасырға жуық уақыт ішінде Қаратөбе ауылының іргесімен ағатын Қалдығайты өзенінде ешқашан көпір салынбаған. Бөгетті тасқын су шайып кетеді.

— Жыл сайын көктемде Қалдығайты тасыған кезде Аққозы, Саралжын, Қаракөл ауылдық округтерінің 6 елді мекенімен қатынас үзіледі. Ол жақта 5 мыңға жуық адам тұрады. Егер көпір салынса, оның көршілес облыс тұрғындары үшін де маңызы зор болар еді. Атап айтқанда, Атырау облысы Қызылқоға ауданы және Ақтөбенің Ойыл ауданы Жетікөл ауылының халқы Оралмен Қаратөбе арқылы қатынайды, — дейді Еркінбек Жәнібеков. 

Фото: Нұртас Сафуллин

Ақсақалдың айтуынша, Қаратөбе ауданының жері құмды болып келеді. Сол себепті арнасын құм басқандықтан, Қалдығайты өзені аудан орталығына бірте-бірте жақындап келеді. 

Қазіргі кезде өзінің үйіне 70 метрдей қашықтықта ағып жатыр.

— Тағы бір көпір Жақсыбай өзенінде Аққозы ауылдық округінің орталығы Қоржын ауылы тұсында салынуы керек. Өткен жылы Қоржын ауылын түгелдей тасқын су басып, жаңадан 90 үй салынғаны белгілі, — деді еңбек ардагері.

Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев екі көпір бойынша да жобалық-сметалық құжаттама жасалып, сараптамадан өткенін жеткізді. 

Фото: Нұртас Сафуллин

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиевтің нақтылауынша, Қалдығайты өзені арқылы өтетін көпір құрылысына қатысты мемлекеттік сараптамаға сәйкес жоба құны — 2 млрд 283,728 мың теңге. 

— Сол секілді Қоржын кентіндегі Жақсыбай өзені арқылы өтетін көпір құрылысына жоба бойынша 2 млрд 796 млн 529,3 мың теңге қажет. Қазіргі таңда бұл жобаларды жүзеге асыру мақсатында қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім дайындалып жатыр, — деді Марат Қуаншалиев. 

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде қос көпір мәселесімен танысып, оның бақылауда болатынын атап өтті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда суға кеткен ауылдан тұрғындар тікұшақпен эвакуацияланып жатқанын жазған едік. 

Фото: Нұртас Сафуллин