Батыс Қазақстанда суға кеткен ауылдан тұрғындар тікұшақпен эвакуацияланып жатыр

Батыс Қазақстан
Фото: БҚО ТЖД

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қоржын ауылының тұрғындары тікұшақпен эвакуацияланып жатыр.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, адамдарды көшіруге ҚР Қорғаныс министрлігінің МИ-8 екі тікұшағы тартылды. Осы уақытқа дейін аудан орталығы Қаратөбе ауылына 92 адам эвакуацияланды. Жұмыстар жалғасуда. БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің брифингіде мәлім еткеніндей, облыс бойынша барлығы 663 адам эвакуациялық қосынға орналастырылды. Сырым және Қаратөбе аудандарында жағдай күрделі күйінде қалып отыр. 

Батыс Қазақстан
Фото: БҚО ТЖД

«Өңірде 321 мыңнан астам текше метр еріген қар суы сорылып, 17 мыңнан астам қаптар төселді. Қазіргі уақытта 944 адам 290 техника, 141 мотопомпамен су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізуде. Қосымша Маңғыстау және Алматы облыстарынан күш-құралдар көмекке тартылды. Орал қаласы, сондай-ақ Қаратөбе, Теректі аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Осындай шешім Сырым ауданында да дайындалып жатыр», - деді Бақытжан Хаберұлы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 430-дан астам үйге су кіргенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында 18 жолды тасқын су шайып кетті.

Батыс Қазақстан
Фото: БҚО ТЖД
Соңғы жаңалықтар