ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында өрт салдарынан 21 тонна пішен жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Жаңақала ауданы Жаңажол ауылында болған.
Саркөл көшесі, 2 мекенжайында жеке үйдің ауласында 90 шаршы метр қора-қопсы, 110 шаршы метр пішен отқа оранды. Соның салдарынан 21 тонна пішен күлге айналды.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан - 3, сондай-ақ ерікті өрт сөндіруші жасағынан - 48 адам қатысты.
Тағы бір осындай оқиға Жәнібек ауданы Борсы ауылында тіркелді.
Абай көшесі, 17 мекенжайында шаруашылық құрылысы жанды. Өрт аумағы - 160 шаршы метр. Мұнда да 53 адам өрт сөндіруге жұмылды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себептері, келген шығын көлемі анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұрғын үй өртеніп, 45 адам эвакуацияланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).