ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 40 244 адам тұмауға қарсы екпе салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, соның тең жартысынан астамы, яғни 21 590-ы - созылмалы сырқаты бар адамдар.
Егілгендердің 34 584-і ересек адамдар болса, 5660-ы - 14 жасқа дейінгі балалар.
Соның ішінде 5320 медицина қызметкері, 856 жүкті әйел бар. Сондай-ақ 1020-сы - 15 жастан асқан оқушылар. Жабық мекемелерде (бөбектер үйі, балалар үйі, мектеп-интернат, мүгедек балаларға арналған интернат) 72, мүгедектер мен қарттар үйінде 1262 адам егілді.
«Вакцинация - тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі. Сондықтан жыл сайын облыста тұрғындардың 10 пайыздан астамы тұмауға қарсы екпе алады. Жоспарлы егу жұмыстары жалғасуда», - деді Н.Мұстаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 230-ға жуық оқушыдан коронавирус анықталғанын, бір аптада жедел жәрдемге 6 мыңға жуық қоңырау шалынғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).