Батыс Қазақстанда 50 мыңға жуық тұрғын ревакцинациядан өтті

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 49 741 тұрғын ревакцинациядан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткендей, облыс бойынша барлығы 65 351 адам қайта ектіруден өтеді.

Күні бүгінге дейін 268 433 адам (егілуге жататын тұрғындардың 64,8 пайызы) вакцинаның бірінші, 251 985-і (60,8 пайызы) екінші компонентін салдырды.

Қазіргі кезде 75 668 доза І, 121 115 доза ІІ компонент, 527 доза «Спутник Lite» вакцинасы бар.

Сондай-ақ 9 293 адам Pfizer вакцинасын қабылдаса, соның 330-ы – жүкті, 4 150-і – бала емізетін әйелдер, 4 813-і – жасөспірімдер.

Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, пандемия басталғаннан бері 48 884, соның ішінде биыл 8 814 адам коронавирус жұқтырды.

Өңірде 751 төсектік 14 инфекциялық стационарда емделіп жатқан 312 науқастың 19-ы жансақтау бөлімінде. Соның ішінде 15-і ауыр, төртеуі аса ауыр халде.

Жыл басынан бері 24 науқас коронавирустан көз жұмды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 20 науқастың коронавирустан көз жұмғанын жазған болатынбыз.