Батыс Қазақстанда 20 науқас коронавирустан көз жұмды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 20 науқас коронавирустан көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда 20 науқас коронавирустан көз жұмды

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткендей, соның ішінде 11-і соңғы аптада қайтыс болған.

Соңғы кезде жансақтау бөлімшесінде жатқан науқастардың көбейгені байқалады.

Кешегі мәлімет бойынша олардың саны 22 болса, бүгін 27-ге жетті. Соның 25-і ауыр, екеуі аса ауыр халде.

Облыс бойынша 751 төсектік 14 инфекциялық стационарда 354 адам емделіп жатса, соның 330-ы Орал қаласындағы ауруханаларда.

Жыл басынан бері 8671 адам коронавирус жұқтырса, соның 4581-і – ауру белгісі бар науқастар.

Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, өңірде 268 154 адам (егілуге тиісті тұрғындардың 64,7 пайызы) вакцинаның бірінші, 251 440-ы (60,7 пайызы) екінші компонентін салдырды.

Сондай-ақ 48 804 адам ревакцинациядан өтті. Pfizer вакцинасымен 9 232 адам егілсе, соның 4 776-сы – жасөспірімдер, 326-сы – жүкті, 4 130-ы – емізетін сәбиі бар әйелдер.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да инфекциялық стационарлар 53,8 пайызға толғанын жазған болатынбыз.