ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 600 тонна пішен жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 22 қыркүйек күні Сырым ауданы аумағында болды.
«Сағат 15.51-де Жетікөл ауылынан 5 шақырым жерде «Қарақұдық« қыстағында «Жарас« шаруа қожалығына тиесілі аумақта үш үйілген пішен (600 тоннадай) отқа оранды. Алдын ала мәлімет бойынша жалын 1 гектар аумақты шарпыды. Өртті сөндіруге 24 адам (3 техника) жұмылдырылды. «Тілсіз жау« бүгін сағат 07.48-де оқшауланып, 08.44-те ауыздықталды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталып жатыр», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 42,5 тонна пішен өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).