ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғыны танысын пышақтап өлтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылында болды.
Шаруа қожалықтарының бірінде жұмыс істейтін екі тұрғын бірге арақ ішкен. Соның барысында бір-бірімен сөзге келіп, 32 жастағы күдікті өзінен екі жас үлкен танысының басына бірнеше рет пышақ жұмсаған. Салдарынан 34 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда екі жүргізушінің мас күйінде жол апатына ұшырағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).