ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бірнеше автокөлік соқтығысып, жүргізуші жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 19 наурыз күні шамамен сағат 12.07-де Бөрлі-Ақсай жолында болды.
«Ниссан» автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі басып озамын деп, «КамАЗ» автокөлігімен соқтығысуға жол берген. Содан кейін «Ауди» және «Тойота» автокөліктерімен түйіскен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Ниссан» жүргізушісі түрлі жарақат алды.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, миы шайқалған жүргізуші Бөрлі аудандық орталық ауруханасына жатқызылды. Оған қоса иық сүйегі сынған, қос тізесінен жарақат алған. Ер адамды одан әрі емдеу үшін облыстық көпбейінді ауруханаға ауыстырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Самара-Шымкент жолында көлік қозғалысы шектелгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).