ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты тағы да жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша облыстық маңызы бар Ақсай-Федоров және Ақсай-Жымпиты жолдарында қатты бұрқасын соғып, желдің жылдамдығы секундына 14 метрге дейін жеткен.
«Сондықтан бүгін түнде сағат 00.30-дан бастап осы жолдарда барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды. Тұрғындарға хабарламалар жіберіліп, ескертілуде. Қазіргі кезде өңірде үш жол жабық. Кеше Шыңғырлау-Лубен-Сегізсай жолы жабылған болатын», деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне БҚО ТЖ департаментінен.
Еске сала кетейік, кеше Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты жолдың жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).