ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында екі снаряд табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 26 қаңтар күні Қазталов ауданы Қараөзен ауылдық округінде орын алды.
«Қазақия» ЖШС қорықшысынан Жас ауылынан үш шақырым жерде «Сарышығанақ» қыстағы маңынан әуе бомбасына ұқсас снаряд тауып алғаны жөнінде хабар түскен.
Снарядтың ұзындығы 150 см, диаметрі 40 см.
Қазталов ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері де аталған жарылғыш затты тексеру және айналаны қарау барысында дәл осындай тағы бір снаряд тапты. Ұзындығы мен диаметрі де бірдей.
Барлық қауіпсіздік шаралары алына отырып, аталған аумақ қоршалды.
Снарядтар арнайы саперлар және мамандардың көмегімен жойылатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).