ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ер адам ауылдасын ұрып өлтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға Орал қаласына қарасты Серебряков кентінде болды.
А. есімді 54 жастағы ер адам өзінің үйінде 1978 жылғы Т. деген ауылдасымен бірге арақ ішкен.
Соның барысында өзара келіспеушілік салдарынан Т. үй иесіне дене жарақаттарын салып, кетіп қалған
«Келесі күні Т. қайта келгенде, А-ның ес-түссіз жатқанын көріп, жедел жәрдем шақырған. Әйтсе де 54 жастағы ер адам ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Күдікті сол күні қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның бұдан бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне (кісі өліміне соқтырған дене жарақатын салу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда түйреуіш жұтып қойған алты айлық сәбидің көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).