ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ер адамды өлтірген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, Ақсай қаласындағы жалдамалы пәтердің бірінен 46 жастағы ер адамның денесі табылған болатын.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, аса ауыр қылмысты ашу үшін жеке құрам жұмылдырылды. Соның нәтижесінде қылмыстың ізі суымай ашылды.
Жедел іздестіру шаралары барысында 1981 жылғы күдікті Орал қаласында қолға түсті. Қазіргі кезде ол уақытша оқшаулау изоляторында отыр.
Күдікті марқұммен жақсы таныс болған. Бұрын екеуі де қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).