Батыс Қазақстанда ит атқан ауыл әкімі видеоға түсіп қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ит атқан ауыл әкімі видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 2 наурыз күні шамамен сағат 13.15-те Тасқала ауданы Достық ауылдық округінде болды.

«Венойл» жанар-жағармай стансасында 1966 жылғы ер адам пневматикалық қарудан иттерге екі рет оқ атқан. Алайда көзі нашар көретіндіктен, тигізе алмаған.

Тексере келгенде, иттердің қаңғыбас екендігі анықталды.


«Аталмыш дерек Тасқала ауданы полиция бөлімінде тіркелді. Тексеріс қорытындысында ер адамның іс-әрекетінде әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық белгілері жоқ болып шықты. Аталған ер адам Достық ауылдық округінің әкімі болғандықтан, материал тәртіптік комиссия отырысында қарау үшін Тасқала ауданы әкімдігіне жіберілді. Соның қорытындысына сәйкес құқықтық баға беріліп, тиісті тәртіптік шара қолданылады», деп хабарлады ведомстводан.

Айта кетейік, ауыл әкімі оқ атқан сәт видеоға түсіп, әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен.