ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында күшті желден колледж ғимаратының шатыры ұшып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 26 желтоқсан күні сағат 09.30-да Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында болды.
Екпіні секундына 18 метрге дейін жеткен желдің салдарынан Ақжайық аграрлық-техникалық колледжі орналасқан 1 қабатты ғимараттың 150 шаршы метр шатыры құлап түскен.
Ғимараттың жалпы ауданы - 763,5 шаршы метр.
Зардап шеккендер жоқ.
Жергілікті атқарушы органның арнайы комиссиясы келтірілген шығын көлемін анықтау үстінде.
Аталмыш ғимарат 1977 жылы салынып, 2007 жылы күрделі жөндеуден өткізілген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда күшті жел бес қабатты тұрғын үйдің шатырын жұлып әкеткенін, БҚО-да тағы бір республикалық жолдың жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).