Батыс Қазақстанда киелі орындарға экспедиция ұйымдастырылмақ

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл киелі орындарға экспедиция ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы жұмыстар биыл да жалғасады. 

Аталмыш басқарма «Рухани қазына» кіші бағдарламасын облыс бойынша үйлестіруші болып бекітілді. Осы бағдарламаның үш негізгі, атап айтқанда, «Туған жер - туған ел» бағыты бойынша 66 шара (соның 12-сі жоба), «Қасиетті Қазақстан» бойынша 25 шара (үшеуі жоба), «Қазақстанның мәдени жетістіктері» бойынша 5 шара (төртеуі жоба) белгіленген болатын. Соның ішінде өткен жылға жоспарланған жұмыстардың бәрі орындалды. Мысалы, «Туған жер - туған ел» бағыты бойынша 21 шара өткізілді.
 

Батыс Қазақстаннан Қазақстанның киелі орындары тізіміне алты нысан: Жайық қалашығы, Тақсай обалар кешені, Бөкей ордасы тарихи музей кешені, Алаш музейі, Жұмағазы хазірет кесенесі және Ғұмар Қараш зираты енгізілгені белгілі. Биыл Жәнібек ауданы меценаттардың көмегімен 8 млн теңгеге ақын, ағартушы-ойшыл, Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың кесенесін тұрғызуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Бөкей ордасы тарихи музей кешені мен Ғ.Қараш зиратын, Жаңақала ауданы аумағында Тастөбе шайқасын (1837 жылы 15 қарашада Исатай-Махамбет бастаған көтерілісшілер мен патшаның жазалаушы жасақтары арасында ұрыс өткен жер) қамтитын ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастыру көзделуде.

Бөкей ордасы тарихи музей кешені базасында музей қорығын құру, Жайық қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру мақсатында ұзақ мерзімді, қомақты көлемде қаржыландыруды қажет ететін жобалар жоспарланды. Бөкей ордасы тарихи музей кешені құрамына кіретін ескерткіштерді республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізу бағытында жұмыстар жасалуда.

Сонымен қатар «Ішкі туризм» республикалық жобасы аясында  «Туристік маршруттар» кіші жобасын жүзеге асыру ойластырылуда. Мысалы, Орал қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне келушілер автобустармен Жайық қалашығы сынды киелі орындарға бара алады.
 

Сол секілді «Спортты ұлт» республикалық жобасы аясында 8,508 млн теңгеге 26 іс-шараны өткізу көзделуде.

«Қазақстанның мәдени жетістіктері» бағыты бойынша 5 млн теңгеге «Ұлы дала мәдениеті», «Ақжайық елі - мәдениет маржаны», «Достық, бірлік, татулық», «Мәдени жайлау» жобалары аясында кітап және музей көрмелері, отандық кино апталығы ашылып, көршілес Ресейдің Саратов, Волгоград, Орынбор облыстарында спектакльдер мен концерттер қойылмақшы. 

Соңғы жаңалықтар