ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында мәдениет үйінің шатыры құлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 26 желтоқсан күні сағат 20.10-да Бөрлі ауданы Успенов ауылында болды.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша екпіні секундына 18 метрге жеткен желдің салдарынан екі қабатты Успенов ауылдық мәдениет үйінің 45 шаршы метр шатыры сыпырылып түсті.
Ғимараттың жалпы ауданы – 1205,4 шаршы метр.
Зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс жасап жатыр.
Аталмыш ғимарат 1964 жылы бой көтерген. 2009 жылы күрделі жөндеу жүргізілген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда күшті жел бес қабатты тұрғын үйдің жұлып әкеткенін, БҚО-да тағы бір республикалық жол жабылғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда қатты желден колледж ғимаратының шатыры ұшып кетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).