ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мал бағып жүріп адасып кеткен жасөспірім табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 6 қаңтар күні Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылдық округі аумағында болды.
«Қоскөл ауылынан 4 шақырымдай жерде 2008 жылғы жасөспірім мал бағып жүріп, сағат 10.00-де ауа райының нашарлауына байланысты бағытынан жаңылған. Бұл туралы сағат 15.48-де хабар түскен. Іздестіру жұмыстарына ТЖ, полиция бөлімдері, жергілікті атқарушы органдар және тұрғындар жұмылдырылды. Соның нәтижесінде сағат 16.40-та жасөспірім аман-есен табылды. Ол медициналық көмекті қажетсінген жоқ. БҚО ТЖ департаменті жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін еске салады. Әсіресе, қариялар мен балалардың жалғыз кетпегені дұрыс», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көктайғаққа байланысты республикалық жолдың жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).