Батыс Қазақстанда пішеннің өртенуі жиілеп тұр
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, тек кеше бір күннің ішінде үш бірдей оқиға тіркелді.
Кеше сағат 16.15-те Бөрлі ауданы Қарақұдық ауылында Абылай хан көшесіндегі жеке үйдің ауласында 17 тонна пішеннің жанғаны жөнінде мәлімет түскен. Өртті сөндіруге 4 адам 1 техникамен барды. «Тілсіз жау» бүгін сағат 05.15-те ауыздықталды.
Сол секілді сағат 16.50-де Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында Сәрсенов көшесіндегі жеке үйде 4 тонна пішен отқа оранған. Оны 4 адам 1 техниканың қатысымен сағат 20.58-де сөндірді.
Сағат 18.50-де Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында Құрманғазы көшесінде жеке үйдің ауласында 4 тонна пішен мен қора-қопсы (аумағы – 35 шаршы метр) өртенді. Өртті сөндіруге 3 адам, 1 техника барып, бүгін сағат 02.20-да ауыздықталған.
Қазіргі кезде аталған өрттердің шығу себептері, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылында 5 тонна пішеннің өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.