ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері взвод командирін атып өлтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 6 қыркүйек күні сағат 16.37 шамасында Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында аудандық ішкі істер бөлімінің аумағында орын алды.
ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметі басқармасы Ақжайық ауданы 2-батальонының қызметкері, 1994 жылғы полиция сержанты табельдік қаруынан осы батальонның 1986 жылғы взвод командиріне бірнеше рет оқ атқан. Соның салдарынан взвод командирі оқиға орнында қаза тапты.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазіргі кезде себеп-салдары анықталып жатқан оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасауда.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдем сағат 16.32-де шақыртылған. Жедел жәрдем бригадасы төрт минуттан кейін жеткенімен, оқ тиген ер адам дәрігерлер келгенше көз жұмды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).