ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы төрт күнде 338 адамнан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткеніндей, соның 215-інде ауру белгілері болса, 123-і – симптомы жоқтар.
Соның ішінде 168-і ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген. 126-сы бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған. 41-інен профилактикалық мақсатта, үшеуінен стационарға жатқызар алдында сынама алынды.
Департамент мәліметіне қарағанда, соңғы төрт тәулікте Орал қаласында 143, Бәйтерек ауданында 70, Бөрліде 54, Ақжайықта 21, Теректі мен Тасқаланың әрқайсысында 16 адамнан коронавирус табылды.
Індет басталғалы бері облыста 22143 науқас тіркелсе, соның 17285-і жазылып шықты. 330-ы өмірден өтті.
Орал қаласында барлығы 12498, Бәйтерек ауданында 2583, Бөрліде 2436 адамнан коронавирус шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 66 мың адамның коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).