ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында құрғақ шөп отқа оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 3 шілде күні Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылдық округі аумағында болды.
«Шыңғырлау ауданымен шекаралас аумақта құрғақ шөп жанды. БҚО ТЖ департаменті, жергілікті атқарушы органдар және мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет күшімен (63 адам, 16 техника, 1 спутниктік телефон) Бөрлі және Шыңғырлау ауданынан екі жедел топ құрылып, екі жақтан өрт сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Шамамен 40 гектардан астам алқапта құрғақ шөп жанды. ТЖ департаменті базасында күш-құралдарды үйлестіретін жедел штаб құрылып, жұмыстануда. «Тілсіз жау» сағат 21.21-де оқшауланды. Қазіргі уақытта дала өртінің басым бөлігі сөндірілді, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өрттің таралуы байқалмайды», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы маңында құрғақ шөп пен бұталар өртеніп жатырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).