ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 2 ақпан күні Бөрлі ауданы Ақсу ауылында болды.
Сағат 09.05-те екі пәтерлік үйде өрт шыққаны жөнінде хабар түскен.
Өрт сөндірушілер жеткен кезде пәтердің біреуі отқа оранғаны анықталды. Жалын екінші пәтердің де шатырын шарпыған. Өрт аумағы 100 шаршы метрді құрады.
«Тілсіз жау» сағат 10.37-де толықтай ауыздықталды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлілер, келтірілген шығын анықталу үстінде.
Өңірде жыл басынан бері 32 өрт болып, соның салдарынан 2 адам жарақат алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жеке тұрғын үйдің өртенгенін, газдан уланған 58 жастағы ер адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).