ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі ауданы Успенов ауылында тұрғынға күш көрсеткен учаскелік полиция инспекторы Самат Жаймағамбетов қызметінен босатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бағдар Әбуовтің айтуынша, бұған дейін С.Жаймағамбетовтің жергілікті тұрғын Эдуард Мұқашевқа қатысты күш көрсетіп, оның қолына кісен салып, ұрып-соққаны жөнінде бейнежазба әлеуметтік желіде таралған болатын. Осы оқиғаға байланысты департамент бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Әбіләзімов Бөрлі ауданына арнайы барып, жеке құраммен кездесу өткізді. Аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, нәтижесі ішкі істер департаментінің тәртіптік комиссиясында қаралып, С.Жаймағамбетовті ішкі істер органдары қатарынан шығару туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, қазіргі кезде С.Жаймағамбетовке қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл - Бөрлі ауданында биыл орын алып отырған осымен екінші оқиға. Бұған дейін Ақсай қаласында мас күйінде тұрғын үйлердің ауласында дәрет сындырып, жолда жатып қалған полиция қызметкері жұмысынан босатылған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).