ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жасөспірім Жайық өзеніне батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 28 мамыр күні Ақжайық ауданы Алмалы ауылында болды.
Сағат 18.00-де ауылдан 3 шақырым жердегі Жайық өзенінде шомылуға тыйым салынған жерде алдағы айда 15 жасқа толатын ер бала батып кетті.
Кешеден бері іздестіру жұмыстары жүргізіліп, марқұмның денесі 29 мамыр күні сағат 07.00-де оқиға болған жерден 50-60 шақырым қашықтан табылып, судан шығарылды.
Бұл – биылғы осындай бірінші оқиға. Өткен жылы облыста 24 адам суға кетсе, соның 8-і балалар еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жолаушылар пойызы ер адамды қағып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).