ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жеңіл және жүк көліктері түйісіп, жүргізуші мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жантүршігерлік оқиға 6 қазан күні сағат 18.20-да Теректі ауданы Барбастау ауылына қарай жолда «Октан» жанар-жағармай стансасы маңында болды.
«Самара-Шымкент жолының 271-шақырымында «ВАЗ» жеңіл көлігі «Рено» жүк көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан «ВАЗ» автокөлігінің 1995 жылғы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі кезде оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіледі. Бірқатар сараптама тағайындалады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан полиция қызметкері көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).