Батыс Қазақстанда жол апатынан екі адам қаза тапты

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 28 желтоқсан күні сағат 17.24-те Самара-Шымкент жолының 375-шақырымында болды.

Сырым ауданы Қызылағаш ауылынан 7 шақырым қашықтықта «ВАЗ-2114» және «Лексус» автокөліктері соқтығысты.

Соның салдарынан «ВАЗ-2114» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы мерт болды. №14 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері олардың автокөлікте қысылып қалған денелерін шығарды.

Сонымен қатар сағат 17.31-де Орал-Атырау жолының 242-шақырымында Ақжайық ауданы Алмалы ауылының тұсында 28 жастағы жүргізуші рульге ие бола алмай қалған. Сөйтіп ол «Лада Гранта» автокөлігінің аударылуына жол берді. №20 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жүргізуші мен төрт жолаушыны эвакуациялап, Тайпақ ауылындағы жылыту пунктіне жеткізді.

БҚО ТЖ департаменті қолайсыз ауа райы кезінде жолда абай болу керектігін ескертеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда барлық бағыттағы жолдар жабылғанын жазған болатынбыз. Ауа райының жақсаруына байланысты жергілікті сағат 21.00-ден бастап барлық жолдар қайта ашылды .