Батыс Қазақстанда жүргізуші 51 жастағы әйелді қағып, қашып кеткен

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жүргізуші 51 жастағы әйелді қағып, қашып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 13 шілде күні шамамен сағат 08.30-да Теректі ауданы Пойма ауылы маңында болды.

«Белгісіз жүргізуші жол шетінде тұрған 1972 жылғы әйелді қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жол апатынан жарақат алған әйел ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта жүргізушіні анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, зардап шеккен әйел жедел жәрдем бригадасымен Оралдағы қалалық көпбейінді аурухананың қабылдау бөліміне сағат 09.30-да жеткізілген.

Кеуде қуысы, жамбас сүйектері мен буындарының және тізе буындарының рентгенографиясы, басқа да зертханалық зерттеулер жасалды.

Нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылған әйелдің жағдайы орташа ауыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөлік қағып кеткен 64 жастағы ер адамның мерт болғанын жазған едік.