Батыс Қазақстандағы жол апаты бір адамның өмірін қиып кетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан жолаушы қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 7 наурыз күні кешкісін Ақжайық ауданы аумағында болды.

Шамамен сағат 19.30-да Томпақ ауылынан 10 шақырым жерде «Митцубиси Монтеро» автокөлігінің 1974 жылғы жүргізушісі алдындағы көлікті басып озған мезетте рульге ие бола алмаған. Содан «Рено» жүк көлігіне соғылып, жол жиегіне аударылған.

Жол апаты салдарынан 1968 жылғы ер адам оқиға орнында көз жұмды.

БҚО полиция департаменті ауа райын ескере отырып, жүргізушілерге жолда абай болып, жол жүру ережесін бұзбау керектігін еске салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда боранға байланысты жолдарда қозғалыс шектелгенін жазған болатынбыз.