Батысқазақстандық балғын халықаралық өнер жарысынан олжалы оралды

ОРАЛ. 4 маусым. ҚазАқпарат - Бөкейордалық жас талант Нұрғиса Төлегенов Алматы қаласында өткен балалар шығармашылығының «Бозторғай» халықаралық байқауынан үшінші жүлдемен оралды.

Бисен ауылдық округіне қарасты Жиекқұм ауылында тұратын Нұрғиса жеті жасынан ән салып келеді. Бұдан бұрын облыс көркемөнерпаздары қатарында Астанада өнер көрсетіп, сондай-ақ «Айгөлек», «Балдәурен» байқауларына қатысты.

«Бозторғай» байқауында ол «Әлия», «Теріскей» әндерін орындап, Бибігүл Төлегенова бастаған қазылар алқасының әділ бағасын алды.

Өнер жолына жетелеп жүрген әкесі Дүйсенбай Ижановтың айтуынша, Нұрғиса биыл бесінші сыныпты үздік бітіріп отыр. Оның киімдерін оралдық белгілі сәнгер Ақкенже Девятко тігеді.