ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қараша айында республикалық «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы барысында Батыс Қазақстан облысында 34 қылмыстың беті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жедел іздестіру шарасы кезінде Теректі ауданы тұрғындарынан сегіз бірдей жылқыны ұрлаған деген күдікпен 1971 жылғы П. деген азамат ұсталды. Ол бұдан бұрын да барымтаны «кәсіп қылғаны» үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен.
Ет тасумен айналысатындарды тексеру барысында батысқазақстандық сақшылар тиісті құжатсыз тасымалданған екі деректі анықтады. Сонымен қатар жедел топтар мал ұрлығы көбірек болатын жерлер мен осындай қылмысы үшін бұрын сотталғандарды ерекше бақылауға алып, тұрғындармен де малдарын ұзақ уақыт бойы қараусыз қалдырмау жөнінде әңгімелесті.
Айта кетейік, мал ұрлығы, әсіресе, соғым кезінде көбейетіні белгілі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).