Бауыржан Байбектің Перизат Қайрат ісіне қандай қатысы бар
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада соты өтіп жатқан еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қор құрылтайшысы Перизат Қайрат сөз арасында бұрынғы «Nur Otan» (қазіргі Amanat) партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған, Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбектің есімін атап өтті.
— Сұрақ-жауап бөлімін қордың құрылтайшыларынан бастаса деймін, себебі айыптау актісінің бірінші абзацында мені анаммен бірге қор құрды, жалған қол жинады деп айыптап отыр. Ал бұл қор партия жанынан, Бауыржан Байбек мырзаның басшылығы кезінде құрылған. Барлық құрылтайшы - мені қоспағанда, кейбірі бұрынғы, ал кейбірі әлі күнге партияда жұмыс істеп жүрген қызметкерлер, — деді Перизат Қайрат сот отырысында.
Судья сот отырысы бойынша үзіліс жариялады.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайрат пен оның анасына тағылған айыптарды тізбектеп шықты.
Судья сұрағына жауап берген Перизат Қайрат айыптар негізсіз тағылды деп, мойындамайтынын жеткізді.
Айта кетсек, бұған дейін де Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптармен келіспеді.
Сондай-ақ Перизат Қайрат тергеу изоляторы қызметкерлерінен жәбір көргенін айтқан еді. Артынша елорда полициясы тергеу изоляторында болған жайттың видеосын көрсетті.
Белгілі болғандай Перизат Қайраттың соты ішінара жабық өтеді.
Бұған дейін елордада Перизат Қайраттың ісіне қатысты алдын ала сот отырысы өтті.
Биыл 30 маусымда Перизат Қайраттың ісі сотқа жіберілді.
Еске салайық, еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны 2024 жылы 14 қарашада белгілі болды.