Баян Нұртаева Қарағанды облысының бала құқығын қорғау басқармасын басқарады

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды облысында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұл қызметке бұған дейін Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінде әлеуметтік салаға жетекшілік еткен Баян Нұртаева келді.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Баян Нұртаеваның екі жоғары білімі бар. Ол Қарағанды педагогикалық институтын және Алматы экономика және статистика институтын тәмамдаған.

Еңбек жолын 1991 жылы Қарағанды қаласындағы №10 орта мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейінгі жылдары Қарағанды қалалық Білім басқармасында тәрбие жұмысы жөніндегі бас маман қызметін атқарып, сондай-ақ қалалық білім бөлімінің әлеуметтендіру және тәрбие беру бөлімін басқарған.

2012–2020 жылдары Қарағанды қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болды. Кейіннен қаланың Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарды.

2025 жылдан бастап осы тағайындауға дейін Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Жаңа лауазымында Баян Нұртаева балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне, сондай-ақ өңір аумағында осы саладағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуына жетекшілік етеді.

Бұған дейін Ербол Күмісқожаевтың Ұлытау облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы болып тағайындалғаны хабарланған болатын.