Баянауыл ұлттық паркінің аумағында биылғы алғашқы қар түсті. Ұлпа қарға көмілген асқар таулар мен қарағай ормандарының көрінісінен бөлек, кадрда соңғы уақытта бұл аумақты тұрақты мекеніне айналдырған бұлан да байқалып қалды.
Видеоны жергілікті табиғат жанашыры Есен Жүсіпбаев түсірген.
Айтып өтелік, ұлттық парк 1985 жылы 12 тамызда Павлодар облысы Баянауыл ауданында құрылған. Бірнеше орманшылықтан тұрады. Өзге ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қарағанда мұнда табиғи ескерткіштер жиі кездеседі. Парк аумағында 24 археологиялық табиғи ескерткіш орналасқан — Кемпіртас, Қоңыр әулие үңгірі, Драверт үңгірі, тастағы көне жазулар, Саймантас, Көгершінтас, Атбасы тасы, Найзатас жартасы және т. б. Бұдан бөлек, тарихи орындар да молынан шоғырланған.
Аумақта негізінен төрт су айдыны — Торайғыр, Біржанкөл, Сабындыкөл және Жасыбай көлі орналасқан. Бұл көлдердің барлығының суы тұщы. Соның ішінде Жасыбай көлінің айналасы демалыс аймағына айналған.
Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр демалыс аймақтарында желтоқсаннан бастап қысты туризм ашылады. Мұндағы ең танымал туристік бағыт — Мырзашоқы тау-шаңғы кешені. Бұл ұзындығы 960 метрлік арқан жолы бар демалыс нысаны. Әсіресе экстремалды спорт түрін ұнататындар үшін қызықты.
Былтыр қыста Баянауылда мұз үстінде сырғанаған аққулар мен желмен жарысқан киіктер бейнежазбаға түсіп қалған еді.
Ал Торайғыр көлі ашық аспан астындағы мұз айдынына айналып келеді.