Баянауылда Алтын Орда дәуіріне тиесілі темір өндірісінің іздері табылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жаңалық Алтын Орда дәуіріндегі көшпелілердің шаруашылығы мен металл өңдеу дәстүрін зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Ғалымдар олжалардың мерзімін радиокөміртектік әдіспен анықтап, ежелгі өндірістің технологиялық ерекшеліктерін зерделеуге кірісті.

Фото: Торайғыров университеті

Әлкей Марғұлан атындағы біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Илья Мерцтің айтуынша, Сарыарқаның солтүстік-шығыс бөлігіндегі ортағасырлық ескерткіштерді зерттеуде бұған дейін жерлеу және еске алу кешендеріне басымдық берілген. Ал қарапайым көшпелілердің қоныстары мен олардағы өндірістік қызмет жеткілікті деңгейде зерттелмеген.

— Алтын Орда дәуіріндегі дала қоғамының тыныс-тіршілігін толық түсіну үшін билеушілер мен қала орталықтарының тарихын зерттеу жеткіліксіз. Көшпелі қауымдардың күнделікті өмірі, еңбек құралдарын дайындауы, шикізатты пайдалануы және тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу тәсілдері де тарихи зерттеудің маңызды бөлігі. Ортағасырлық көшпелілердің қарапайым қоныстарынан темір өндіруге қатысты іздердің анықталуы осы тұрғыдан маңызды, — дейді ғалым.

Фото: Торайғыров университеті

Зерттеушілер темір қожының құрамында сақталған ағаш көмірінің қалдықтарына радиокөміртектік талдау жүргізген. Жапонияда жасалған зертханалық талдау нәтижелері табылған материалдардың ортағасырлық кезеңге жататынын анықтауға мүмкіндік берген.

Маманның түсіндіруінше, радиокөміртектік мерзімдеу археологиялық олжаның жасын анықтаумен шектелмейді. Бұл әдіс өндіріс іздерін белгілі бір тарихи кезеңмен байланыстырып, технологиялардың қашан қолданылғанын зерделеуге көмектеседі.

Темір қожы — металл қорыту барысында пайда болатын қалдық. Оның құрамы мен археологиялық контекстін зерттеу арқылы ғалымдар ежелгі өндірісте қолданылған материалдар, металл қорыту тәсілдері және технологиялық ерекшеліктер жөнінде тұжырым жасай алады.

Баянауылдағы археологиялық олжалар Алтын Орда дәуіріндегі дала тұрғындарының өмірін тек саяси оқиғалар мен қалалық мәдениет арқылы емес, күнделікті еңбек, шикізатты пайдалану және өндірістік тәжірибе тұрғысынан да зерделеуге жол ашады. Алдағы зерттеулер Сарыарқаның солтүстік-шығысындағы ортағасырлық темір өндірісінің тарихын нақтылай түсуі мүмкін.

Бұған дейін Жошы ұлысынан Алтын Ордаға дейінгі тарихи ескерткіштерді түбегейлі зерттеудің маңызы зор екені туралы жазғанбыз.