Баянауылда әуеден барлау кезінде арқарлар бейнекамераға түсіп қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын әуеден барлау кезінде тауда еркін жүрген арқарлар бейнекамераға түсіп қалды. Ерекше кадрларды «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Баянауыл авиациялық бөлімшесінің бастығы Жасұлан Сәтбаев түсірген. Бұл туралы Экология министрлігі мәлім етті.

Видеодан алынған кадр

Әуеден барлау барысында орман алқаптарының жағдайы бақыланып қана қоймай, табиғи аумақтағы жануарлар дүниесін де кездестіруге мүмкіндік туады. Бұл жолы Баянауыл тауларында жүрген арқарлар объективке ілікті.

— Осындай кадрлар — ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жабайы жануарлардың табиғи тіршілігінен бір көрініс, — делінген хабарламада.

бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында арқарлар фототұзаққа бірнеше рет түсіп қалғанын жазған едік.