Баянауылда ұлттық парк пен жергілікті әкімдік арасында дау туды

Фото: Фото: ЖК Сүлейменова

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Баянауылдың інжу-маржанына айналған «Жасыбай» демалыс аймағында жазғы маусым алдында даулы мәселе туындап тұр. Ұлттық парк басшылығы көл жағалауындағы жағдайды реттемек оймен бірнеше кәсіпкерлік нысанын бұзып, алдырып тастаған. 

 

Ал жағажайды жалға алып отырған Баянауыл ауданының әкімдігі бұл әрекет туристік аймақтағы кәсіпкерлер үшін кедергі екенін айтады.

Өткен демалыс күндері Павлодар облысы аумағында күн күрт ысып, Жасыбай демалыс аймағына жан-жақтан туристер ағылды. Көлге түсуге әлі ерте, дейтұрғанмен таулы өлкенің табиғатына сұқтанып, тау-тасынан күш-қуат алып қайтуды жөн көретін жұртшылықты кім тоқтата алсын.

Фото: ЖК Сүлейменова

Туристерді қабылдап алуға асық демалыс үйлерінің біразы биыл ерте бастан қамданып жатқаны байқалды. Алайда көл жағасына келген жұртшылық Жасыбайдың жағасы жүдеп тұрғанын бірден аңғарғаны анық.

Демалыс аймағына барушылар ең әуелі орталық жағажайдағы қоғамдық дәретхананың жұмыс істемейтініне наразы. Қашан барсақ та есікте құлып тұрады, қажетімізді өтейтін жер таппаймыз деп қынжылады.

— Балаларымды алып, көл жағалап серуендедік. Кішкентайларым дәретханаға барса, есігі жабық тұр екен. Құрығанда біреуі істеп тұрған шығар деп, барлық дәретхананың есіктерін тартып байқадық, кілттеулі тұр. Амалсыздан өзіміз тоқтаған сонау жердегі демалыс үйінің базасына баруға тура келді. Мұндай мәселе біздің Жасыбайда ғана кездеседі. Көкшетаудағы Бурабайға күн салқын кезде де барып көрдік. Көпшілік дәретхана бойынша қиындық жоқ. Баянауыл басшылығы нысандардың жұмысын жыл он екі ай бойы тоқтатпауы керек қой. Болмаған жағдайда адамдар қажетін кез келген жерге өтеп кете береді. Мыңдаған адам әр бұтаның түбіне сарып кете берсе, көрікті өлкенің несі қалады? - деп күйінеді Екібастұздан келген отағасы Кәркен Ашубаев.

Бұдан бес-алты жыл бұрын да Жасыбай көлінің жағажайында қоғамдық дәретхана деген үлкен мәселе болатын. Гигиеналық тұрғыдан ешбір талапқа сай емес. Ақыр соңы көпшіліктің талап-тілегі бар, кәсіпкерлердің өтініші қосылып, көл жағалауында дәретханалар тұрғызылды.

Фото: ЖК Сүлейменова

Бюджет қаражатына салынған санитарлық нысандар жеке кәсіпкерліктің сенімгерлік басқаруына берілді. Кейінгі жылдары ол жазғы туристік маусымда үзбей жұмыс істеуге көшкенімен, қысты айтпағанда көктем мен күзде есігі жабық тұрады.

— Жасыбайға жыл сайын келеміз. Бұл жердің табиғаты аса көркем, суы мөп-мөлдір айдын көл көңілімізден шығады. Елордадан демалыс аймағына дейін шаршамай жеттік. Тек бұл жерде бізді қынжылтатыны, заманға сай инфрақұрылымдар, сәулеттік нысандар, түрлі архитектуралық мүсіндер жетіспейді. Жағажай айналасында қарапайым тротуарлар да аз. Биыл тағы бір көңілсіз көрініске тап болдық, жағажайға жақын жердегі жазғы дәмхананы, балмұздақ пен сусындар сататын дүңгіршектерді алып тастапты. Бұл жерде қаншама қарт адамдар тынығады. Жағажайға жауаптылар келушілерге қолайлы жағдай тудырудың орнына, одан сайын қиындата түсуде, — дейді тағы бір демалушы, Астана қаласының тұрғыны Сәуле Қанағатова.

Фото: ЖК Сүлейменова

Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбеков Баянауыл ұлттық паркінің басшылығы кәсіпкерлердің дамуына кедергі келтіріп отыр деген пікірде.

— Жасыбай көлінің жағажайын аудан әкімдігі жыл сайын жалға алады. Қызық болғанда, табиғат қорғау заңнамасына сүйенген ұлттық парк басшылығы биыл жағажай маңын ерекше реттеуге көшті. Негізі бұл жерде бірер жыл бұрын қоғамдық дәретханалар орнатылған. Олардың жұмысы туристік маусым ашылғанда, яғни маусым айының орта шенінде басталатын. Биыл көпшіліктің өтінішін ескеріп, дәретханалар мамыр айынан істей бастады. Бірақ нысандарға қызмет көрсетуші кәсіпкер оларды адамдар көбірек жинала бастаған уақытта, яғни күндіз сағат 11-лерде ашады. Кейбір адамдар мүмкін ерте уақытта барғанда есігі жабық тұруы мүмкін. Ал жазғы уақытта ол бұрынғы кестеге көшетіні анық. Ұлттық парк жағажай маңынан алып тастаған сауда дүңгіршіктері дәретхананы ұстап отырған кәсіпкерге тиесілі болатын. Кәсіп иесі құр дәретханамен табысқа кенелмейтіні анық, ол әлгі нысандар арқылы нәпақасын айырып келген. 2017-2018 жылдары әзірленген жағажай жобасында бұл дүңгіршектер көрсетілген еді, — дейді ол.

Фото: gov.kz

Ұлттық парк демалыс аймағына кіргені үшін әр туристен экологиялық алым алады. Соның есебінен күл-қоқыс жиналатын контейнерлер ұсталған.

Аудан әкімдігі биыл бюджет қаражатына қосымша контейнерлер сатып алып, жағажай маңына орналастырмақ ойда.

Бұған қоса былтыр жағажай маңында күннен қорғайтын қалқалар, шезлонгтар және тағы басқа құрал-жабдықтардың құрылысына аудан бюджетінен 17 млн теңге бөлінген.

Биыл жағалаудағы жарық жүйесінің шамдарын жаңартып шығуға қазынадан 19 млн теңге қарастырылып отыр.

Былтырғы маусымда тек бір ғана Жасыбай демалыс аймағына 164 мыңдай адам келген.

Фото: ЖК Сүлейменова

— Баянауылдағы туристік маусым тек маусым айының ортасына қарай басталатынын ескерген жөн. Себебі туристердің көбі суға шомылу үшін келеді. Оған дейін көл суы салқын. Әдетте мамыр айында дайындық жұмыстары жүргізіледі. Ұлттық парк бізбен келісімшартты ұзартса, онда жақын жылдары Сабындыкөл жағасындағыдай кеңауқымды абаттандыру жұмысы жүргізіледі деп жоспарлағанбыз. Ұлттық парк басшылығы кедергі келтірмесе, ол жерде туристік нысандар салуға сұранып отырған ірі инвесторлар баршылық. Бірақ айрықша қорғалатын аумақ болғандықтан шектеулер бар. Оның үстіне әр кәсіпкерлік нысанынан біздің ауданның бюджетіне аз да болса салық түсіп тұрады. Бұл — әрі-беріден соң өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға жұмсалатын қаражат, — деп қосты Еркін Темірбекұлы.

Анықтағанымыздай, Жасыбай жағажайында 7 дүңгіршек болған әрі оның барлығы мемлекет қаржысына салынған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, нысандардың құрылысына 12,8 млн теңге қаражат жұмсалыпты.

Алайда ұлттық парк қызметкерлері оларды биыл толығымен орнынан алып, демалыс аймағынан Торайғыр ауылына шығар жолдың бойына тастай салған. Миллиондаған қазына қаражатына салынған кәсіпкерлік нысандары осылайша сұраусыз күйде күресінде жатыр.

Фото: ЖК Сүлейменова

Аталған дүңгіршектерді, дәретхананы кәсіпкерлік тұрғысынан пайдалану құқығын 2023 жылдың қыркүйегінде «Сүлейменова» жеке кәсіпкерлігі тендерде ұтып алып, 3 жыл мерзімге келісімшарт жасаған екен. Алайда арада бір жыл өткенде бизнесі ойламаған жерден тоқтап қалатын түрі бар.

— Парк әкімшілігі заңсыздыққа барып отыр деп есептейміз. Біз қарауымызға алған бизнес нысандарын ешбір ескертпестен бұзып, лақтырып тастады. Келісім бойынша аталған 7 дүңгіршекті кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып, содан түскен қаражаттың есебінен жағажайдың тазалығын, дәретханалардың тұрақты қызметін қамтамасыз етуіміз керек еді. Бір ғана дәретханадан (дәретхана ақылы, кісі басына 100 теңге, мүгедек жандарға тегін) түсетін азын-аулақ ақша оның шығынын жаба алмайды. Былтырғы маусымда 10 адамды жұмыста ұстадық. Олар жағажай маңын күнделікті тазартып, күл-қоқысты шығарды. Тазалықшылар дәретхана ішін қалыпқа келтіріп отырды. Биыл мұндай мүмкіндіктен айрылған соң адам жалдай алмай қалдық, жағажай маңын балаларыммен шығып өзім тазалап жатырмын. Осының салдарынан дәретхана да дұрыс жұмыс істемей тұр. Күнара септиктен алынған суды төгетін арнайы көлікке әр рейсі үшін 40 мың теңге, электр жарығы үшін ай сайын қыруар ақша төлейміз. Оның үстіне ай сайын осы нысандарды жалға алғанымыз үшін бюджетке 200 мың теңге үзбей төлеп келдік. Төлем қыста да үзілген жоқ. Туристердің қарасы ұлғайып бара жатқаны себепті биыл жағажайдағы қызмет көрсету сервисін арттырамыз деп жоспарлаған едік. Өкінішке қарай, қазір кәсібімізді сақтап қалудың өзі мәселеге айналып тұр, — деп мұңын шақты кәсіп иесі Айгүл Сүлейменова.

Фото: ЖК Сүлейменова

Ал Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы Аждар Жүсіпов кәсіпкерлік нысандарын алып тастау табиғат қорғау заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады.

Бұған дейін Жасыбайдағы көптеген демалыс үйлерінің аумақтары, құрылыс нысандары заңсыздықпен жұмыс істеп келген көрінеді.

— Ондаған кафе-павильондар, дүкендер, өзге де кәсіпкерлік нысандары жерді заңсыздықпен иеленіп алған. Олармен соттасып, біздің пайдамызға оң шешімдер шығарылып жатыр. Алайда көбі әлі күнге орындарын босатпаған. Сот орындаушыларының есебінше, әлгіндей алынып тасталуы тиіс нысандарға бүгінде 1,8 млн теңгенің айыппұлы салынған. «Арқанды саябақ» деп аталатын орынның өзіне сот үкімін орындамағаны үшін 1,2 млн теңгеге айыппұл кесілген. «Шатыр» дәмханасына 360 мың теңге айыппұл салынған еді, олар жақында нысанды алып үлгерді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес, қазіргі уақытта демалыс аймағын заңсыз құрылыстардан тазартып жатырмыз. Соның бірі — «Сүлейменова» ЖК иеленіп келген 7 дүңгіршік бар. Әкімдікпен жасаған келісімшартта дүңгіршек туралы бір ауыз сөз жоқ. Кәсіпкер дәретхананы ұстауға, жағажайды абаттандыруға және тазартуға жауап беруі тиіс. Болды. Бұған дейін дәретханаға қызмет көрсеткен кәсіпкер дүңгіршіксіз-ақ жұмыс істеген, — дейді Аждар Сағынтайұлы.

Парк басшысы бұған қоса табиғат қорғау прокуратурасының пәрменімен көптеген заң бұзушылықтар анықталып, жерді өздігінен иеленіп алған кәсіпкерлерден аумақтарды алып қоюды талап еткенін жеткізді.

Соған сәйкес, демалыс аймағында тағы 5 дүңгіршік, бірнеше дүкен, дәмхана орнынан алынып тасталған. Қазір бірнеше кәсіпкерлік нысанын сырып тастау бойынша сот істері жалғасуда.

Фото Аждар Жүсіповтың жеке архивінен

— Жасыбай аумағына құрылыс нысандарынан жүктеме өте көбейіп кеткен. Олардың арасында заңсыз салынғандарын алғызып тастау — біздің міндет. Мәселен, «Березка» демалыс үйі 0,77 гектарды заңсыз иеленсе, «Золотые пески» көл айналасына өз бетімен жағажай салған. Оларды алып тастау бойынша соттың оң шешімі бар. Біздің ісіміз дұрыс екеніне сендіре аламын. Өкінішке қарай, заңды орындау тетіктері біздің құзыретімізде қарастырылмаған, тек сот орындаушылары арқылы әрекет етеміз. Қазір демалыс аймағында 54 демалыс үйі, 12 дүкен-дәмхана орналасқан. Демалыс үйлеріне жалпы саны 2600-дей ғана адам сыяды. Ал жаңадан демалыс үйлерін салуға жер жағдайы көтермейді. Сондықтан біз Сабындыкөл мен Торайғыр көлінің айналасына инвестжобалар тартуды ұсынып отырмыз. Алғашқы көлде 6 гектар, Торайғырда 40 гектар жер құрылысқа арналған, — дейді Аждар Жүсіпов.

Фото: ЖК Сүлейменова

Мәселенің ізімен өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасына хабарластық. Басқарма басшысының орынбасары Диас Жәкенов аталған мәселемен шұғылданып жатқанын жеткізді.

— Баянауылдағы демалыс аймағы облыстағы ең тартымды әрі қысы-жазы кісі үзілмейтін жер екені мәлім. Қазіргі мәселе бізге жақсы таныс. Оны шешу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Ауданға барып, бірнеше жұмыс отырысын өткіздік. Негізгі мәселе — аудан әкімдігі мен ұлттық парктің келісе алмауы. Себебі ол жерлердегі кейбір жер телімдерінің мәселесі шешілмеген көрінеді, заңсыз құрылыстар болған. Қоғамдық дәретханалардың жұмысы да сл себепті реттелмей тұр, — дейді Диас Жәкенов.

Фото: pavlodarnews.kz

Сөз соңында айтарымыз, Баянауылды жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейтін туристік орталыққа айналдыру әлі күнге арман.

Облыс, аудан басшыларының бұл іспен айналыспағаны жоқ. Әр жаңа әкімнің бұл мәселеге келгенде жұмысы жүрмей қалатыны бар. Көбіне жоба-жоспарлары таудай болып келіп, іс аяғы қылдай болып аяқталып қалып жатады.

Келушілерге қолайлы жағдай тудыратын жобалар ілгері баспаған соң мұнда соңғы жылдары ауыз толтырып айтарлық жаңалық та жоқ.

Еске сала кетейік, «Жасыбайдағы» бұрынғы президенттік резиденция мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлаған едік. 

Фото: ЖК Сүлейменова