Байден 39 адамға рақымшылық жасап, 1500-ге жуық сотталушының жазасын жеңілдетті
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Джозеф Байден бейсенбі күні 39 адамға рақымшылық жасап, 1500-ге жуық сотталушының жазасын жеңілдетті. Бұл – бір күнде жасалған рақымшылық санының ең көп көрсеткіші, деп хабарлайды Синьхуа ақпарат агенттігі.
— Бүгін президент Джо Байден бірқатар сотталушының жазасын жеңілдеткенін жариялады, бұл бір күнде ең көп жасалған рақымшылық, 1500-ге жуық америкалық түзелуге мүмкіндік алды, — деп хабарлады Ақ үй.
Жазасы жеңілдеген 1500-ге жуық адам COVID-19 пандемиясы кезінде бір жылын үйде өтеген.
— Ол сондай-ақ зорлық-зомбылыққа қытысы жоқ қылымыс үшін сотталған 39 адамға рақымшылық жасады, — делінген Ақ үй мәлімдемесінде.
Бұл термин көбінесе есірткі қылмысына, алаяқтыққа немесе ұрлыққа қатысты.
— Америка екінші мүмкіндік беруге қашан да дайын, – деді Джо Байден. — Президент ретінде мен өкініш білдіріп, түзелуге ниетті адамдарға рақымшылық жасадым. Бұл оларға қоғамға қайта араласуға, дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мен зорлық-зомбылыққа қытысы жоқ қылмыстар, әсіресе есірткімен байланысты сотталған адамдарға қатысты үкімдегі теңсіздікті жою мақсатында шара қабылдадым, – деп атап өтті президент.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Ақ үй басшысы бұған дейін жазаны жеңілдету туралы 122 жарлық шығарып, 21 адамға рақымшылық жасаған.
Жақында АҚШ президенті Джо Байден екі қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылып, үкімін күтіп отырған ұлы Хантерге рақымшылық жасады.
Ал АҚШ-тың жаңадан сайланған президент Дональд Трамп қазіргі президент Джо Байденнің ұлы Хантер Байденге рақымшылық жасауын «әділетсіздік және соттың қателігі» деп атады.