Байден кезінде тағайындалған: АҚШ 29 елдегі дипломаттарын кері қайтарып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Мемлекеттік департаменті 29 елдегі елшілеріне өкілеттігінің аяқталғаны туралы хат жолдады. Дипломаттардың басым бөлігі Джо Байден президент болған кезеңде тағайындалған. Енді олардың орнына Дональд Трампқа барынша жақын шенеуніктер тағайындалмақ, деп жазады DW.
Дональд Трамп әкімшілігі ондаған жоғары лауазымды дипломатты елшіліктердегі қызметінен кері қайтарып жатыр. Олардың көпшілігі Байден тұсында тағайындалған, ал Ақ үй оларды Трамптың саяси бағытын қолдайтын кадрлармен алмастыруды жоспарлап отыр.
Басылымның мәліметінше, желтоқсан айының ортасында 29 елдегі дипломатиялық өкілдерге қаңтар айында өкілеттігі аяқталатыны туралы хаттар жіберілген. Ең көп кері шақыру Африка елдеріне тиесілі. Атап айтқанда, Бурунди, Камерун, Кабо-Верде, Габон, Кот-д’Ивуар, Мадагаскар, Маврикий, Нигер, Нигерия, Руанда, Сенегал, Сомали және Угандадағы елшілер ауыстырылады.
Сондай-ақ өзгерістер Азия–Тынық мұхиты өңірін (Фиджи, Лаос, Маршалл аралдары, Папуа – Жаңа Гвинея, Филиппиндер, Вьетнам), Еуропаны (Армения, Солтүстік Македония, Черногория, Словакия) және Алжир, Мысыр, Непал, Шри-Ланка, Гватемала мен Суринамды қамтиды.
АҚШ Мемлекеттік департаменті елшілерді кері шақыруға қатысты пікір білдіруден бас тартып, бұл кез келген президент әкімшілігі үшін қалыпты рәсім екенін атап өтті.
Америкалық елшілердің қызмет мерзімі президенттің шешімімен 3–4 жылды құрайды. Сондай-ақ кері шақырылған дипломаттарға Вашингтонда басқа қызметтер ұсынылатыны айтылды.
Ведомство президент Трамптың АҚШ елшілерін Ақ үйдің және «Америка бәрінен бұрын» қағидатына сай сыртқы саясатты қолдайтын тұлғалардан тағайындауға құқығы бар екенін еске салды.
Бұл — 2025 жылы дипломаттарды кері шақырудың алғашқы толқыны емес. Президент қызметіне кіріскеннен кейін Дональд Трамп Мемлекеттік департаментті қайта құрылымдау туралы жарлыққа қол қойған. Соның нәтижесінде бірқатар елшілер кері шақырылып, климаттың өзгеруі, адам құқықтары, демократиялық институттар мен гендерлік теңдік мәселелерімен айналысқан дипломатиялық қызметкерлер жұмыстан босатылған.
Басылымның мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың жазында Мемлекеттік департамент америкалық дипломаттарға қызмет етіп жүрген елдердегі демократия деңгейін көпшілік алдында бағалауға тыйым салған.
Бұған дейін Трамп Байден автоперо арқылы қол қойған барлық жарлықтардың күшін жоятыны хабарланған болатын.