Байсуфинов Қазақстан-Венгрия матчына қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Венгрияға қарсы жолдастық кездесуден кейін ойын туралы пікірін айтты, деп хабарлайды Sports.kz .

Фото: Әділ Саптаев \ Kazinform

Қазақстан құрамасы кездесуде есеп ашқанымен, матч соңында 1:3 есебімен жеңіліп қалды.

– Бұл жерде бәрі ойыншылардың ішкі түйсігі мен мінезіне байланысты. Алаңға шыққан футболшылардың басым бөлігі Армениямен өткен матчқа да қатысқан еді. Ол ойын да өте қарқынды және тартысты болды. Бүгін жігіттердің жеңілістің орнын толтыруға деген құлшынысы байқалды. Олар матч бойы біздің ойын жоспарын орындауға тырысты. Кез келген команда матч соңында гол соғуға мүмкіндік туғанда, өзін дәлелдеуге ұмтылады. Сондықтан мен ойыншыларды тоқтатқан жоқпын, – деді Байсуфинов.

Еске салайық, Қазақстан құрамасы кездесуде алғаш болып есеп ашты. Қорғаушы Сергей Малый мергендік танытып, ұлттық құраманы алға шығарған болатын.

Алайда екінші таймда алаң иелері үш гол соғып, жеңісті жұлып әкетті. Венгрия құрамасы сапынан Доминик Собослаи, Андраш Шефер және Раймунд Тот көзге түсті.

Осылайша, жолдастық кездесу Венгрия құрамасының 3:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды.