Маңғыстау ауданындағы Сай-Өтес елді мекенінен шамамен 20 шақырым солтүстік-шығысқа қарай орналасқан ескерткіш біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырларға жатады. Көне құрылысты 1998 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген.
Мыңжылдықтардан жеткен ғибадатхана
Археологтар Бәйте-3 аумағынан ғибадатхананың қалдықтарын, көптеген тас мүсіндер мен ежелгі көшпелілердің дүниетанымына қатысты артефактілер тапқан. Зерттеу нәтижелері бұл жерде жай ғана құрылыс болмағанын көрсетеді. Табылған заттардың арасында космогониялық, анималдық және күнтізбелік түсініктерге қатысты жәдігерлер бар.
Яғни, Бәйте-3 сол дәуірдегі адамдардың табиғатқа, аспан әлеміне және уақытқа деген көзқарасын зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды археологиялық нысан саналады.
Ғибадатхананың құрылысы да ерекше. Ғимараттың диаметрі шамамен 19 метр. Ішкі бөлмелердің қабырғалары кей жерлерде 3 метрге дейін сақталған. Ал сыртқы қабырғалары мұқият өңделген ірі тас блоктардан қаланған. Зерттеушілер ғимараттың бастапқы биіктігі 5 метрден жоғары болған деп есептейді. Құрылыс екі сатылы жүйеден - цилиндр тәрізді бөлік пен күмбезден тұрған.
Ғимараттың негізгі бөлігінің диаметрі шамамен 14 метр болатын іргетас үстіне тұрғызылған. Қалыңдығы 2,5 метрге жуық тас пен топырақтан қаланған қабырға құрылысты сыртынан бекітіп тұрған.
Құрылысындағы ерекше шешімдер
Бәйте-3-тің ішкі жоспары да назар аударарлық. Бөлмелердің орналасуы дүниенің төрт бұрышын меңзейтін айқыш тәрізді пішінді құрайды. Орталық бөлігінде тас алтарь орналасқан. Мұнда діни рәсімдер кезінде от жағылып, құрбандық шалынған болуы мүмкін. Орталық залға шамамен 2,5 метр биіктіктен тас баспалдақ арқылы түскен. Бүгінде оның 14 баспалдағы сақталған. Ғимараттың барлық бөлмесінің төбесі жеке-жеке жабылған. Құрылымда жалған күмбез тәсілі қолданылған. Ал орталық залдың төбесі жарық түсетін арнайы ойықпен аяқталған. Зерттеушілер ғибадатхананың күмбезі шамамен 10 метр биік болуы мүмкін деген болжам жасайды.
Бәйте типіндегі ғибадатханалардың ең басты ерекшеліктерінің бірі – олардың аумағынан күнделікті тұрмыс пен шаруашылыққа қатысты қалдықтардың өте аз табылуы. Археологиялық зерттеулер барысында бұл жерлерден тұрақты мекендеуге тән белгілер анықталмаған. Сирек жағдайда ғана ғұрыптық тақталар, шағын тас ыдыстар мен құрбандық шалатын орындардың бөліктері кездеседі.
Бұл ғимараттардың адамдар тұратын баспана емес, діни рәсімдер өткізілетін арнайы орын болғанын аңғартады.
Тас мүсіндер мен жұмбақ таңбалар
Бәйте-3 ғибадатханасының ішкі және сыртқы қабырғаларында көптеген таңба мен бейне кездеседі. Олардың нақты қай кезеңде салынғанын анықтау күрделі. Зерттеушілер таңбалардың басым бөлігі алан кезеңіне қатысты болуы мүмкін деп болжайды. Ғибадатхана маңынан табылған адам бейнесіндегі тас мүсіндер де ерекше қызығушылық тудырады. Бәйте типіндегі мүсіндер өзіне дейінгі сақ дәуірінің және кейінгі кезеңдердің ескерткіштерінен өзіндік ерекшеліктерімен ажыратылады. Бұл Үстірт пен Маңғыстау өңірінде көне темір дәуірінде өзіндік мүсін жасау және құрылыс дәстүрі болғанын көрсетеді.
Сарматтар дәуірінің ізі
Зерттеушілер Бәйте типіндегі ғибадатханаларды Арал-Каспий аралығындағы сармат тайпаларының мәдениетімен байланыстырады. Бұл кезеңде өңірдегі тайпалардың мәдениеті дамып, олардың әскери-саяси белсенділігі артқан. Ғалымдар Бәйте мен солтүстіктегі Қызыл Үйік сияқты ірі ғибадатханалардың орналасуын осы өңірдегі тайпалық бірлестіктердің маңызды орталықтарымен байланыстырады. Осы нысандардан табылған қарулы жауынгерлер бейнесіндегі тас мүсіндер де сол дәуірдің ерекшелігін көрсетеді.
Бәйте типіндегі ғибадатханалардың басқа көшпелі мәдениеттерге ортақ белгілері болғанымен, олардың сәулеті мен тас мүсіндері өзіндік сипатқа ие. Бұл Үстірт-Маңғыстау өңірінің көне дәуірдегі мәдени орталықтардың бірі болғанын көрсетеді.
Жер сілкінісінен қираған
Ғалымдардың пайымынша, Бәйте-3 ғибадатханасы күшті жер сілкінісінің салдарынан қираған. Кейін уақыт өте оның тастарының бір бөлігі басқа мақсатта пайдаланылған. Қалған қирандыларды құм басып, нәтижесінде нысанның орнында үлкен төбе тәрізді үйінді қалыптасқан.
Ғасырлар бойы табиғат құшағында жатқан ескерткішті археологтар зерттеу арқылы қайта таныды. Бәйте-3 ғибадатханасы 2003 жылы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауға алынған.
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы бөлім меңгерушісі Айман Керліқұлқызы Яриханованың айтуынша, Бәйте-3 секілді ескерткіштер ежелгі көшпелілердің тек тұрмыс-тіршілігін емес, олардың қоршаған әлемді қалай қабылдағанын түсінуге мүмкіндік береді.
Мыңдаған жыл бұрын салынған ғибадатхананың әрбір тасы - сол дәуірдің үнсіз куәгері. Оның қабырғаларындағы таңбалар, тас мүсіндер мен сәулеттік ерекшеліктер ежелгі адамдардың табиғат, аспан әлемі, уақыт және тіршілік туралы түсінігінен хабар береді.
Бүгінде Бәйте-3 – Маңғыстаудың ғана емес, бүкіл Еуразия даласындағы ежелгі көшпелілер өркениетінің құнды мұраларының бірі.
Бұған дейін, Маңғыстауда бес тарихи-мәдени ескерткіш қалпына келтірілді.