Маңғыстауда бес тарихи-мәдени ескерткіш қалпына келтірілді
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында жергілікті маңызы бар бес тарихи ескерткішке жүргізілген ғылыми-реставрациялық жұмыстар аяқталды. Биыл Қожақұмбет пен Олжақыз кесенелері, сондай-ақ Толыбай, Тілеміс және Қосым тарихи нысандары қалпына келтірілді.
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының мәліметінше, реставрация жұмыстары ескерткіштердің сәулеттік келбетін қалпына келтіруге, сақталған құрылымдарын нығайтуға және жоғалған бөліктерін тарихи түпнұсқалығын барынша сақтай отырып қайта жасауға бағытталған.
Жұмыстардың әр нысанға арналған ғылыми-жобалық құжаттамасы 2024 жылы «Күмбез» мамандандырылған жобалау-реставрациялау фирмасы» ЖШС тарапынан әзірленген. Реставрацияға тиісті біліктілігі бар мамандар мен реставраторлар қатысқан.
Қожақұмбет кесенесі
Қожақұмбет күмбезтамы - Бекі ауылының шығысына қарай шамамен 19 шақырым жерде орналасқан. Тарихи-архитектуралық ескерткіш XIV-XV ғасырларға жатады. Құрылыс тәсілі мен тасты өңдеу ерекшелігіне қарай бұл нысан өңірдегі сирек кездесетін сәулет үлгілерінің бірі саналады.
Реставрациялық жұмыстарды «Яксарт-РРР» ЖШС жүргізіп, оған бюджеттен 28 млн теңге бөлінген.
Мамандар қабырғалардың дөрекі өңделген тас тақталардан қаланған бөліктерін қалпына келтірді. Сондай-ақ қасбет, қабырға және шатыр қаптамалары, күмбездің тас қалауы мен қаптамасы жөнделді. Бұдан бөлек, нысанның құрылымдарын нығайту жұмыстары жүргізілді.
Олжақыз кесенесі
Олжақыз күмбезтамы - Онды ауылынан шығысқа қарай шамамен 10 шақырым жерде орналасқан. XVIII-XIX ғасырларда Батыс Қазақстанда кең тараған халықтық сәулет өнерінің үлгісі саналатын ескерткіш 1994 жылы жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауға алынған. Реставрация жұмыстарына - 15,9 млн теңге жұмсалды.
Жұмыс барысында қабырғалардың сақталған бөліктері қайта қаланып, жарықтар арнайы әк-саз ерітіндісімен нығайтылды. Сонымен қатар әктас-құмтастан жасалған қасбет қаптамалары мен күмбездің жоғалған бөліктері қалпына келтірілген.
Толыбай қорымы
Толыбай қорымы - XVIII ғасырдың соңы - XX ғасырдың бірінші жартысына жататын тарихи-архитектуралық кешен. Ол Сайөтес ауылынан батысқа қарай шамамен 9 шақырым жерде орналасқан. Жалпы аумағы - 0,8 гектарға жуық.
Кешен аумағында 70-ке жуық тарихи нысан бар. Оның 13-і мемлекеттік есепке алынған. Олардың қатарында екі күмбезтам, екі сағанатам, тас қоршау, құлпытастар мен қойтастар бар.
Некропольдегі төрт тарихи нысандағы ғылыми-реставрациялық жұмыстарды «Asyl Mura Restavrasiya» ЖШС атқарып, бюджеттен - 30,8 млн теңге жұмсалды.
Реставрация кезінде кесене қабырғалары мен күмбезінің бүлінген бөліктері бөлшектеліп, қайта пайдалануға жарамды табиғи тастар сұрыпталған. Кейін қабырғалар мен күмбездің жоғалған бөліктері тарихи материалдарды барынша сақтай отырып қалпына келтірілді.
Тілеміс қорымы
Тлеміс қорымы - XIX ғасырдың екінші жартысына жатады. Ол Маңғыстау өңіріндегі тас қашау өнері мен сәулет дәстүрін көрсететін тарихи орындардың бірі. Нысан Ұштаған ауылынан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 13 шақырым жерде орналасқан. Кешен аумағында 10-ға жуық тарихи нысан бар.
Реставрация барысында некропольдегі негізгі нысан – бұрын қатты тозған күмбезтам қалпына келтірілген. Жұмыстарды «ИдеалСтройКом» ЖШС атқарған. Жоба құны - 7,8 млн теңге. Мамандар сақталған қабырға бөліктерін нығайтып, қасбеттердің жоғалған қаптамаларын және күмбездің тас қаламасын қалпына келтірді.
Қосым қорымы
Биыл ғылыми-реставрациялық жұмыстары аяқталған тағы бір нысан - Түпқараған ауданындағы Қосым қорымы. Оның негізі XVIII ғасырда қаланған. 1982 жылы ескерткіш жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет нысаны ретінде мемлекеттік қорғауға алынған.
Қазіргі таңда некрополь аумағында 132-ге жуық ескерткіш бар. Оның 15-і мемлекеттік есепте тұр. Олардың қатарында екі күмбезтам, бес сағанатам, сондай-ақ құлпытас, сандықтас, қойтас, тас қоршаулар мен тас үйінділер бар.
Қорым аумағындағы төрт тарихи-архитектуралық нысанды қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Жұмыстарды «Asyl Mura Restavrasiya» ЖШС жүргізді. Жоба құны – 27,5 млн теңге.
Реставрация кезінде кесененің жылжып кеткен тас бөліктері бөлшектеліп, қайта пайдалануға жарамды материалдар іріктелді. Сақталған қабырға бөліктері қайта қаланып, жоғалған тас құрылымдары қалпына келтірілді. Жұмыс барысында тарихи тастар арнайы таңбаланып, оларды қайта қолданылған.
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының мәліметінше, бес ескерткіштегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Қазір облыста мемлекеттік қорғауда 601 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Оның 25-і республикалық, 576-сы жергілікті маңызы бар нысандарға жатады.
Бұған дейін, 22 бөлме, 28 күмбез: Көркембай мешітінің тарихы туралы жазған болатынбыз.