Бедерлі өнер барельеф: қабырғаға жан бітірген шебер

АҚТАУ. KAZINFORM —Соңғы жылдары интерьер дизайнында бірегейлікке сұраныс артып келеді. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда тұрғындар стандартты әрлеу тәсілдерінен гөрі авторлық жұмыстарға көбірек мән бере бастаған. Осындай бағыттардың бірі — барельеф өнері. Осы өнерді кәсіби түрде меңгеріп, көптеген тұрғын үй мен коммерциялық нысанның интерьерін безендіріп жүрген шеберлердің бірі — Назерке Құбығұлқызымен Kazinform тілшісі сұхбаттасты.

Фото: Назерке Құбығұлқызының жеке архивінен

Балалық арманнан басталған жол

Назеркенің барельеф өнеріне келуі кездейсоқ емес. Ол Маңғыстау облысының Таушық ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Кейіпкеріміздің айтуынша, интерьерге деген қызығушылығы бала кезден қалыптасқан.

— Бала күнімде ескі, шағын үйде тұрдық. Үйімізді жыл сайын жаңартып, түсқағаздарын ауыстырып, қолдан келгенше әсемдеуге тырысатынбыз. Әдемі үйде тұру туралы бала кездегі арманым кейін үйді әрлеуге деген қызығушылыққа ұласты, — дейді Назерке Құбығұлқызы.

Фото: Назерке Құбығұлқызының жеке архивінен

Мектепті тәмамдаған соң ол Алматыдағы Каспий қоғамдық университетінде сәулетші мамандығы бойынша білім алған. Алайда кәсіби жолын тек сәулетпен шектемей, шығармашылық бағытын да қатар дамытқан. Кейіпкеріміздің сөзінше, қоғамда өнер саласымен тұрақты табыс табу қиын деген түсінік қалыптасқан. Соған қарамастан ол бойындағы суретшілік қабілетін дамытуға бел буған.

Ал, барельеф өнерімен алғаш рет әлеуметтік желілер арқылы танысқан. Бұл — көне дәуірлерден бастау алатын сәндік-қолданбалы өнердің ерекше түрі. Антикалық сарайлар мен ортағасырлық ғимараттардың сәулеттік безендіруінде кеңінен қолданылған. Бүгінде заманауи интерьердің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Сондықтан кейіпкеріміз осы өнерді зертей бастаған. Ол Ресейлік қолөнер шеберлерінің жұмыстарымен танысып, бейнесабақтар арқылы тәжірибе жинақтаған.

Қарапайым қабырғадан өнер туындысына дейін

Барельеф — тегіс қабырғада орындалатын көлемді композиция. Шебердің айтуынша, бұл жұмыс тек безендіру емес, тапсырыс берушінің идеясын көркем бейнеге айналдыру үдерісі. Назеркенің алғашқы ірі жобасы көлемді гүл композициясы болған. Ол жұмыс 150 мың теңгеге бағаланған. Содан бері шебер ондаған жобаны жүзеге асырды. Оның айтуынша, барельеф жасау үлкен шыдамдылық пен ұқыптылықты талап етеді.

Фото: Назерке Құбығұлқызының жеке архивінен

— Орташа көлемдегі бір қабырғаны безендіруге шамамен 7-10 күн кетеді. Кейбір күрделі жобаларда бірнеше адам болып істейміз. Мәселен, үлкен көлемдегі гүл композицияларын жасау кезінде командалық еңбек қажет болады, — дейді ол.

Шебер әр жұмыстың өзіндік ерекшелігі болуы тиіс деп есептейді.

— Әр суретшінің өз қолтаңбасы болады. Мен жұмыстарымның таза, ұқыпты әрі нәзік болғанын қалаймын. Қазір кез келген дүниенің көшірмесін жасау оңай. Бірақ көшірме туындылар тез жалықтырады. Сондықтан әр үйге қайталанбас дүние сыйлауға тырысамын, — дейді Назерке.

Фото: Назерке Құбығұлқызының жеке архивінен

«Қазақ қыздары да әлемдік деңгейдегі туынды жасай алады»

Шебердің пікірінше, Қазақстанда қолөнер мен бейнелеу өнерінің қадір-қасиеті әлі де толық бағаланып отырған жоқ.

— Қолөнерді немесе сурет өнерін көп жағдайда лайықты бағаламай жатамыз. Кейде өз мамандарымыздан гөрі шетелдік шеберлерге көбірек сенетініміз бар. Бірақ бізде талантты жастар өте көп. Мен үшін ең үлкен марапат — адамдардың «қазақ қыздары да осындай дүниелер жасай алады екен» деген пікірі, — дейді Назерке Құбығұлқызы.

Қазіргі уақытта ол интерьер дизайны бағытын тереңдетіп оқып, сәулет саласындағы қызметін де дамытуға ниетті. Ал болашақтағы басты армандарының бірі — өз қолымен жобаланған әрі авторлық барельефтерімен безендірілген үлкен үй салу.

Фото: Назерке Құбығұлқызының жеке архивінен

Соңғы жылдары әлеуметтік желілердің ықпалымен барельеф өнеріне қызығушылық артып келеді. Бұрын сирек кездесетін бұл бағыт бүгінде талғампаз интерьердің маңызды элементіне айнала бастады. Мамандардың пікірінше, мұндай жұмыстар сәндік қызмет атқарып қана қоймай, әр үйдің өзіндік болмысын айқындайтын көркем шешім ретінде де құнды.

Бұған дейін, Ақтаулық криминалист қыз — Ханшайым Бекболатова туралы жазған болатынбыз.