Bek Air иесі ұрлық жасады деген күдікпен қамауға алынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Bek Air әуекомпаниясының иесі Нұрлан Жұмасұлтанов ұшақ қозғалтқыштарын аса ірі мөлшерде ұрлады деген күдікпен ұсталып, екі айға қамалды.

Фото: e-auction.e-qazyna.kz

ҰҚК Kazinform тілшісіне тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

Тергеу нұсқасына қарағанда, әуежайда жоғалған қозғалтқыштардың бірі кейін 2019 жылғы әуе апатына ұшыраған Bek Air ұшағынан табылған.

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны белгілі болды.

Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған еді. Салдарынан 12 адам қаза тапты.

Бірнеше жылдан кейін апатқа қатысты қылмыстық іс бойынша ұшақ экипажының мүшелері кінәлі деп танылып, олар қайтыс болғаннан кейін сотталды.

Осы іспен қатар Алматы әуежайы аумағында сақталған Fokker-100 ұшақтарының қозғалтқыштарының жоғалуына қатысты бөлек тергеу жүргізілді.

Қозғалтқыштардың ұрланғанын растайтын бейнежазба немесе куәгерлер болған жоқ. Алайда кейін апатқа ұшыраған ұшақтың бір қозғалтқышы бұрын жоғалған агрегаттардың бірі екені анықталған. Оны сериялық нөмірі арқылы тауыпты.

Тергеушілер қозғалтқыштың консервацияда тұрған ұшақтан алынып, кейін Bek Air әуекомпаниясына тиесілі басқа ұшаққа орнатылғанын анықтады.

Биыл бас көлік прокуратурасы қылмыстық істі ұлттық қауіпсіздік комитетіне берген.

Комитет тергеушілері қозғалтқыштың Bek Air ұшағында болғанын ескеріп, әуекомпаниясының иелері не басшыларының іске қатысы болуы мүмкін деп болжады.

Алғашында Нұрлан Жұмасұлтанов жауап алуға шақырылды. Жауаптан соң ол күдікті деп танылды. 9 қыркүйекте Алматы қаласының тергеу соты оны екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды. Қылмыстық іс бойынша тағы бір адам үйқамаққа алынған.

Оған Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі «Аса ірі мөлшерде ұрлық» бойынша айып тағылды. Кінәлі деп танылса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкін тәркіленуі мүмкін.

Еске салайық, Bek Air апатының жәбірленушілеріне өтемақы төлеу мәселесі азаматтық сотта қаралатыны айтылды.