— Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, енді іс материалдарымен танысу жүріп жатыр. Танысудың қай уақытта аяқталатыны күдіктілердің өздеріне байланысты. Іс материалдарымен танысу аяқталғаннан кейін іс сотқа жіберіледі, — деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Айта кетсек, экс-министр Марат Бекетаевке қатысты істі тергеу былтыр күзде аяқталып, материалдармен танысу басталған еді.
Еске сала кетейік, бұрынғы Әділет министрі 2023 жылы қазанда лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды.
Антикордың мәліметінше, ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүддесін қолдаған. Экс-шенеунікті қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Соңғы рет биыл 21 мамырда 2024 жылғы 21 маусымға дейін қамау санкцияланды.