Бельгияда Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған арнайы радиобағдарлама эфирге шықты

АСТАНА. KAZINFORM — «Mcsradio Aywaille» радиосында өткен хабарда әртістің өнер жолы кеңінен таныстырылып, Қазақстанның мәдениеті мен қазіргі келбеті де насихатталды, деп жазды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.

Фото: Бельгиядағы Қазақстанның Елшілігі

Бағдарламаны жүргізушілер Кристиан Филе мен Никки ұйымдастырып, эфирге Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің дипломаты Рахат Нұрғалиев, KU Leuven университетінің студенті Исламбек Сман, домбыра үйреніп жүрген бельгиялық жас Лукас Моммер, сондай-ақ Dimash фан-клубының мүшелері Анн Де Грааф пен Венди Мразек қатысты.

Фото: Қазақстанның Белгьгиядағы Елшілігі

Эфир Димаштың орындауындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, жалпы саны 16 әні шырқалды. Бағдарлама барысында әншінің шығармашылық жолы, ерекше вокалдық диапазоны мен халықаралық деңгейдегі жетістіктері кеңінен айтылды.

Сонымен қатар тыңдармандарға Қазақстан туралы да мәлімет беріліп, мемлекеттік туының символикасы мен домбыраның тарихы мен маңызы таныстырылды. Ел бай мәдени мұрасы бар әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде сипатталды.

Фото: Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі

Бағдарлама аясында қазақстандық студент пен бельгиялық жас домбырада бірнеше күй орындап, эфирге ерекше мәдени реңк қосты.

Эфирге қатысушылар, соның ішінде фан-клуб мүшелері мен жүргізушілер, Димаштың Бельгияда концерт өткізуіне үміт білдіріп, оны ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.

Айта кетейік, «Mcsradio Aywaille» интернет-радиосында Димаштың әндері тұрақты түрде беріліп тұрады. Алғашында екі сағатқа жоспарланған бағдарлама тыңдармандардың жоғары қызығушылығына байланысты үш сағатқа жуық уақытқа созылды.

Еске сала кетейік, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Jibek Joly» радиосының тікелей эфирінде де арнайы бағдарлама жүргізіліп, онда Димаштың ата-анасы мен Мексика, Польша және Аргентинадағы жанкүйерлері қазақстандықтарды құттықтап, әншінің феномені халықаралық достықтың көпіріне айналғанын атап өтті.