Бельгиядағы үш күндік ереуіл: Еуропа орталығында не болып жатыр

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Дүйсенбі күні Бельгияда ел тарихындағы ең ауқымды ұлттық ереуіл басталды. Үкімет саясатына қарсылық ретінде түрлі сала өкілдері жұмысқа шықпай, жаппай наразылық білдіріп жатыр, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сәрсенбі күні елде көлік қатынасы тоқтады: ереуіл қоғамдық көлікке, әуежайларға және Еуропа астанасындағы порттарға әсер етті.

Білім беру саласы да қиындық көріп отыр: кейбір мұғалімдер екінші күн қатарынан жұмысқа шықпай отыр.

Бельгияның екі ірі әуежайында да жағдай тұрақсыз. Шарлеруа әуежайы рейстерді қабылдамай отыр, ал Брюссельдің «Завентем» әуежайында рейстер тоқтады әрі ұшып келетін ұшақтар да қиындыққа тап болғаны айтылды. 

Биыл Завентем әуежайындағы ереуіл 275 мың жолаушыға әсер еткен. Әуежайдың дерегінше, осы уақыт аралығында Брюссель әуежайындағы ереуіл салдарынан бельгиялық экономика 175 млн еуро жоғалтқан.

— 26 қараша, сәрсенбі күні өтетін ұлттық ереуілге байланысты және қауіпсіз қызмет көрсетуге жеткілікті персоналдың болмауына орай, Шарлеруа әуежайы жоспарланған ұшулар мен қонуларды орындай алмайды, — делінген елдегі ең ірі екінші әуежайдың мәлімдемесінде.

Belga агенттігінің мәліметінше, Фландрия порттары да қиындыққа тап болды: ондаған кеме Антверпен, Гент және Зебрюгге порттарына кіре алмай немесе шыға алмай тұр.

VRT телеарнасы бірнеше супермаркет желісінің жабылғанын хабарлайды.

Елдің түрлі аймақтарындағы түрмелерде де қызметкерлердің жұмысқа шықпауына байланысты іркілістер бар: олардың міндеттерін уақытша полиция мен Қызыл Крест өкілдері атқарып отыр.

Ереуіл бастапқыда мемлекеттік секторға әсер еткенмен, сәрсенбі күні оған жекеменшік компаниялардың да бір бөлігі қосылды, деп жазады VRT.

Үш күндік акцияны Бельгияның үш ірі кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған. Ол дүйсенбіде басталды, сол күні бес партиялық коалициялық үкімет 20 сағаттық келіссөзден кейін көптен күткен бюджет келісіміне қол жеткізгеніне қарамастан.

Жаңа шаралар — кейбір тауарлар мен қызметтерге салынатын салықты көтеру, мемлекеттік шығындарды қысқарту — 2029 жылға қарай федералдық бюджет тапшылығын 9,2 млрд еуроға азайтуы керек.

2024 жылдың соңында Бельгияның бюджет тапшылығы 4,5%-ды құраған, ал мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 100%-ынан асқан. Бұл ЕО талаптарын бұзады: мүше мемлекеттер бюджет тапшылығын 3%-дан, мемлекеттік қарызды ЖІӨ-нің 60%-ынан төмен деңгейде ұстауы тиіс.

Дегенмен, қол жеткізілген келісім пікірталас тудырды. Кәсіподақтар ұсынылған кейбір шараларды оң бағалағанымен, көпшілігі келісімді жеткіліксіз деп санайды.

— Мен бұл келісімді теңгерімді деп ойламаймын, — деді ABVV кәсіподағының төрағасы Берт Энгелар дүйсенбі күні. Оның айтуынша, бұл тек бастамасы ғана, әрі Бельгия тапшылығын жабу үшін қосымша шаралар қажет болуы мүмкін.

«Біз келіссөз үстеліне отырмайынша, бұл тек алғашқы қадам ғана», — деді ол.

Келіссөздерге қатысқан бірнеше саясаткер де бюджет жөніндегі келісімге келу үлкен қиындықтар мен маңызды ымыраларды талап еткенін мойындады.

Бельгия премьер-министрі Барт де Вевер де «алда әлі көп жұмыс тұрғанын» айтты: «Бұл — соңы емес. Бұл тіпті басы да емес. Бірақ, бәлкім, бұл бастаманың соңы шығар», — деді ол Уинстон Черчилльдің сөзін келтіре отырып.

Бельгиядағы ұлттық ереуілдер жыл сайын күшейіп келеді. Бұған елдің жоғары мемлекеттік қарызын азайтуға бағытталған үкіметтің қаржы саясатына халықтың наразылығы себеп.

VRT дерегінше, тек биылдың өзінде теміржол жұмысшылары 25 рет ереуілге шыққан, ал ереуілге қатысқан мұғалімдердің саны рекордтық деңгейге жетті. 2001 жылдан бері алғаш рет мұғалімдер екі күн қатарынан ереуіл жасап отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бельгияда жалпыұлттық ереуілге байланысты рейстер мен көлік қозғалысы тоқтағанын жаздық.