Бельгиялық компания Қазақстанда зығыр өңдеу жобасын іске асыруға мүдделі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Бельгияға зығыр жеткізілімін айтарлықтай арттырды, бұл осы өнім экспортының негізгі бағытына айналды. Тараптар сауда көлемінің өсуі аясында шикізат жеткізуден озық өңдеуге көшуді және Қазақстанда бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін талқылау үстінде, деп хабарлайды агенттіктің Брюссельдегі меншікті тілшісі.

Фото: Арнұр Рахымбеков/Kazinform

Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко Мускрондағы бельгиялық отбасылық «Vandeputte Group» компаниясына барып, оның иесі және сатып алу жөніндегі директоры Анри-Франсуа Вандепуттемен кездесті.

2025 жылы Қазақстанның Бельгияға зығыр экспорты екі еседен астам өсіп, 164,4 млн долларға жетті. Бұл Қазақстанның корольдікке экспортындағы ең ірі тауарлық позициясына айналды. 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың мамырына дейін Қазақстан Бельгияға рекордтық 309 500 тонна зығыр жеткізді, бұл осы дақыл экспорты жалпы көлемінің 28%-ын құрады.

Жеткізілім өсімі Қазақстанда зығыр өндірісінің артуымен байланысты. 2025 жылы зығыр егістігінің алаңы 1,35 млн гектарға, ал жалпы өнім — рекордтық 1,35 млн тоннаға жетті. Экспорт 833 300 тоннаны құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі есеге жуық артық. Бұл еуропалық өңдеушілермен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты кеңейту үшін тұрақты шикізат базасын құрып отыр.

Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенконың Мускрондағы бельгиялық отбасылық «Vandeputte Group» компаниясына сапары кезінде одан әрі ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. Дипломат компанияның иесі және сатып алу жөніндегі директоры Анри-Франсуа Вандепуттемен кездесті.

Компанияның Қазақстанмен ынтымақтастық орнатқанына 20 жылға жуық уақыт болды және Бельгиядағы кәсіпорнында өңдеу үшін қазақстандық зығырды сатып алып отыр. Қазақстан — компанияның ең ірі шикізат жеткізушісі.

Кездесу барысында тараптар қазақстандық зығырдың Бельгияға және ЕО-ның басқа елдеріне жеткізілімін кеңейту, сондай-ақ өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндігін талқылады. Атап айтқанда, мәселе зығырды өңдеуді жергілікті жерге орналастыру және жоғары қосылған құн өнімдерін өндіруге қатысты болды.

Елші Р.Василенко Қазақстанның соның ішінде Бельгия королі Филипптің 2026 жылдың қазан айында Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары алдында Бельгия компанияларымен инвестициялық және өнеркәсіптік серіктестікті кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.\

— Біз кездескен компания басшыларының бірі Анри-Франсуа Вандепутте қатысатын осы сапар барысында ынтымақтастығымызда жаңа қадам жасалады деп үлкен үміт артып отырмыз. Сондай-ақ бұл компания, былайша айтқанда, Қазақстанда одан әрі де терең тамыр жаяды деп сенеміз. Қазір біз осындай компаниялардың қатарын көбейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз, — деді дипломат.

Қазақстанның Еуропа нарығына сенімді зығыр жеткізушісі ретіндегі ұстанымын нығайтуға ерекше назар аударылды.

Тараптар кездесу барысында зығыр майын өндіру, олеохимия және жем өнімдері саласындағы бельгиялық технологиялар мен тәжірибені Қазақстанға беру мәселесін де талқылады.

— Ықтимал серіктестік аясында зығырды ұзақ мерзімді жеткізу тізбегін қалыптастыру, сұрыптарды таңдау бойынша ынтымақтастық, өнімділік пен сапа стандарттарын арттыру, Бельгияға тиімді экспорттық логистиканы дамыту, ал келешекте жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін жергіліктендіру және Қазақстанда зығыр өңдеу жөніндегі бірлескен кәсіпорын құру көзделуі мүмкін, — деп атап өтті Р. Василенко.

«Vandeputte Group» басшысы Анри-Франсуа Вандепутте қазақстандық делегациямен кездесу өте қызықты болғанын хабарлады.

— Алдымен үш өндірістік бөлімшеге экскурсия жасадық. Атап айтқанда, жылына 100 мың тоннадан астам зығыр тұқымын өңдейтін май өндіру зауытына бардық. Одан кейін сабын қайнату зауытын аралап, экскурсиямызды олеохимия бөлімшесінде аяқтадық. Содан соң кездесу өткізіп, онда негізгі тақырыптардың бірі логистика мәселесі болды. Яғни Қазақстаннан Бельгияға жеткізілім логистикасын барынша тиімді ұйымдастыру жолдарын талқыладық. Себебі біздің қазақстандық зығыр тұқымына деген қажеттілігіміз жылына 100 мың тоннадан асады. Қазақстандық шикізат біздің зығыр тұқымы импортымыздың жалпы көлемінің 90 пайыздан астамын құрайды. Сондықтан біздің компания үшін сенімді логистиканы қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Қазіргі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл мәселе айрықша маңызды. Біз осы тақырыпты жан-жақты талқыладық, — деді Анри-Франсуа Вандепутте.

Осыған дейін Брюссельде Қазақстан мен Бельгияның 34 жылдық достығына арналған велошеру өткенін жаздық.